Ежелгі қазақ даласын аты аңызға айналған Шыңғысхан мен оның ұрпақтары да сан жылдар бойы бағындыра алмағаны тарихтан белгілі. Қазір әлем ғалымдарының басын қатырып отырған бір нәрсе ол- Шыңғыс хан мен оның балаларының Қазақ даласын жайлаған рулар мен тайпаларға қатысының қаншалықты екені. Ендеше біз де өздеріңіздің төл журналға шындықтың беті таласта ашылатындығын ескере отырып, батыл болжамдарды жариялай бастаймыз.
Қазіргі Қазақстан, Монғолия, Ресей, Қытай және Кіші Азия жерлерінде ежелден түрік тұқымдас үйсін, қаңлы, жалайыр, алшын, найман, керей, уақ, арғын, қырғыз, татар тағы басқа да толып жатқан тайпалар мекендеген. Сонау белгiсiз ықылым заманнан олардың қойы қоралас, ауылы аралас ұлан байтақ кең аймақта көшіп-қонып өмір сүрген. Тағдыр тәлкегінің әсерінен кей тайпалар жан баға алмайтын бейшара күйге түссе, кейбір тайпалардың әлеуметтік тұрмыстары жақсарып, экономикасы, мәдениеті өскен. Осындай ретсіз дамудың салдарынан бір тайпа ел бірнешеге бөлініп, тілімен қоса діні, сыртқы түрі өзгеріп, бір-біріне ұқсамайтын күйге жеткен. Мәңгілік өмір ағымында бір халық бірнеше ұлтқа бөлініп, өзгеріп жүре берген. Тарихтан білетініміз, XII-ғасырдың басында қазіргі Монғолия мен Ресей аумағында, найман, керей, монғол, татар, жалайыр, тағы басқа көптеген тайпалар көшіп-қонып жүрген. Айтып отырған өңірде сол кездегі үстем күшті тайпаларға найман, керей, меркіт, татар руларының жатқаны анық. Ал монғол тайпасынан айлалы ұйымдастырушы, ақылды қолбасшы шығып, әлсіз монғол тайпасының мәртебесін жоғарылатады деген ой күшті тайпаларды басқарып отырған хандардың бірінің есіне келмеген.
«Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деген мақалдағыдай монғол тайпалары тарих сахнасына көтеріле бастаған тұста, олардың келешек қол басшысы Темучжин өмірге келген. Оның әскері өте ықшам, садақ атуда, семсерлесуде, найзаласуда алдарына жан салмайтын майталман, тәртіпті темірдей қатты сақтайтын сарбаздар болған.
Ру аралық қатынастардан бастап-ақ Темучжиннiң аты аңызға айналып, қантөгіс арпалыстардан сүрінбей өтіп, жолы болғыш ұлы қолбасшыға айналды. Аз уақыт аралығында керей, найман, жалайыр, қоңырат руларын бағындырып, әскер саны өсіп, сұрапыл күшке айналды. Сондықтан да қазіргі Корея, Қытай аймақтарында орналасқан сол кездегі халықтар Темучжинге бағынышты болып шыға келді.
Шыңғысхан деген атаққа ие болған Темучжин дүниені дір сiлкiндiрiп, сол кездегi әлем елінің төрттен бес бөлігін бiрiктiрiп, Монғолия империясын құрды.
Туған жылы туралы тың деректер
Шыңғысханның туған жылы туралы қазіргі ғалымдардың арасында түрлі деректер бар. Араб, парсы ғалымдарының және Рашид-ад-Диннiң еңбектеріне сүйенген д-р Эренжен Хара-Даван және осы деректi қолдайтындар Шыңғысхан 1155 жылы қаңтар айында туған деп қарастырса, Лев Гумилев және оның жақтастары «Юань-Ши» яғни «Алтын дәптердегі» мәліметтерге, Шыңғыс балаларының туған жылдарына сүйене отырып және 72 жастағы Шыңғыс күйіп тұрған шөл далаларды оп-оңай кесiп өте алды ма дегендi тiлге тиек етiп, оның туған жылы 1162 жыл едi дегендi құптайды. Әрине, нақты пікірді анықтау үшін әу бастағы алғашқы жазылған әдебиеттерге жүгінген жүн.
Шыңғыстың өз кезінен бастап, ол туралы талай көркем әдебиеттер және көптеген ғылыми еңбектер жазылды. Шыңғысхан туралы жазылған алғашқы еңбек «Монғолдың құпия шежiресi» деп аталады. Кiтап алғаш рет түрік немесе ұйғыр алфавитiмен монғол тiлiнде жазылғанға ұқсайды. Және ол Қытайдың «Хан-у» патшалығының тұсында 1382-жылдар шамасында қытай әрпімен қайта монғол тілінде жазылған. Кітап Пекин кiтапханасында қазіргі күнге дейін сақталып келеді.
Кітаптың алғашқы нұсқасы монғол тілінде өз өкілдерімен жазылғандықтан, монғол шежіресі, олардың ішкі қарым-қатынастары, тұрмыс-салттары туралы өте құнды мәліметтер берген және Шыңғысханның 1155 жылы қаңтар айында туғаны туралы да көрсетіледі. Шежіренің жазылған уақыты белгілі, ал оны жазған автордың аты-жөні белгісіз. Автор шежіренің соңында былай деп жазған: «Ұлы құрылтай шақырылып, тышқан жылдың (1240) мизам айында Хэрлэеннің Ходөө аралының Долоон болдай мен Шилхинцэг екеуінің арасында хаған ордасы қонып жатқан кезде тәмәмдадым». Бұл монголша 1240 жылы жетінші ай, яғни қазіргі біздің жыл санауымыз бойынша 1240 жылы шілде айында кітаптың жазылуы аяқталған.
Осы кітап қазақ тілінде бірінші рет 1979 жылы 150 бет және екінші рет өңделіп, 1998 жылы 223 бет болып екі рет бастырылып шығарылды. Кітап 282 бөлімнен, әр бөлімше қара сөзден немесе қара сөзден және өлең жолдарынан тұрады. Кітапты жазушы Шыңғысхан ордасының бір немесе бірнеше сенімді серіктері немесе Шигихутуг жащды деген де болжам бар. Себебі ол ұйғырша хат білетін Шыңғысханның ең сенімді серігі және мемлекеттік төреші адам болған. Шыңғысхан тарихындағы мәліметтердің кеңейіп және нақтылана түсуіне сол кездегі монғол және оларға бодан болған ел өкілдерінің жазбаша және ауызша қалдырған еңбектердің маңызы үлкен болды.
Мысалы, «Монғолдың құпия шежіресін» монғолдардың өздері жазған болса, парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин монғол әскерлерінің батыстағы елдерге жасаған шабуылдары туралы еңбекті монғол төресі Болад Чассанмен бірлесе отырып, монғол хағанының кітапханасындағы монғолдардың кітаптарын пайдаланып, 3 томдық тарихи кітап жазған. Рашид-ад-Дин 1247-1318 жылдары өмір сүрген. Ол арабша-түрікше, монғолша және еврей тілдерінде еркін сөйлеген. Әрі Газан ханның тұсында министрлік қызмет атқарған өте оқымысты адам болған. 1260 жылдары Индияда Джузджани «Насировтар кестесі» деген тарихи кітап жазды. Ал сол жылдары парсылық Джувейни монғол империясының тұтас кезінде Түркістан мен Монғолияны аралап, жергілікті халық өкілдерімен пікір алыстырып, деректі тарихи еңбек жазған. Міне, осы еңбектер Шыңғысхан туралы тарихи деректерді кеңейтіп әрі нақтылай түсетін құнды шығармаларға жатады.
Монғолдың құпия шежіресі
«Монғолдың құпия шежіресіне» келетін болсақ, ол монғол тілінен орыс тіліне, одан қазақ тіліне аударылған. Сондықтан жер, су, адам аттары алғашқы нұсқамен салыстырғанда біршама өзгерген. Ондай кемшіліктерді арнайы мамандығы бар ғалымдар қарастыратын болғандықтан өзім оны арнайы міндет деп санамадым. Бұл кітапты орыс ғалымы И.Кафаров Бежинге(Пекинге) Қытай тілін жетік үйрену үшін барған сапарында Манжурия Богда хаганының кітапханасынан кездестіріп, және сол кітапты танысы арқылы құпия алғызып, әуелде монғолшадан қытай тіліне, содан соң орыс тіліне аударған.
Осы мәліметтерден кейін Шыңғысхан туралы кітаптар 1866 жылдан бастап Кеңестер одағында, Монғолияда, Францияда, Германияда бастырылды. Сондай ақ бүкіл дүние жүзіне осылай тарады десек, жаңсақ болмайды. И.Кафаровтың еңбегіне сүйенетін болсақ, «Монғолдың құпия шежіресі» алғашында не монғол, не ұйғыр әрпімен монғол тілінде жазылған және Юань мемлекеті құлағаннан кейін, Мин мемлекетінің Хан У тұсында сол монғол тіліндегі кітапты 1382 жылы Шан Юань-зи Маших екеуі қытай тіліне аударғанын қытай тарихының талдау нәтижелеріне сүйене отырып жазады. XII – ғасырдағы монғолдар туралы кейінгі жазылған кітаптардың бәрі сол ертедегі Монғолияда, Арабтарда, Қытайда жазылған көне еңбектерге сілтеме жасайды және бір қызықтысы әр автор өз мүмкіндігіне байланысты қорытқан ой тұжырымдарын ортаға салып, оқушыларға ұсынады. Кейінгі кітап басылымдарынан байқалатыны авторлардың көзқарасы, бағыттары солардан болғанымен Шыңғысхан тарихындағы мәліметтердің кеңейіп өсуіне және нақтылана түсуіне үлкен үлестерін қосады.
Әрине, тарихты жасайтын бір адам емес, оны жасайтын халық, ал мемлекет басында Шыңғысхан тұрғандықтан оның көлеңкесінде көптеген тұлғалар тарихтан тиісті орнын ала алмай қалып қалған. Солардың бірі Шыңғыстың тұңғыш ұлы Жошы болатын. Оның өмірге келіп жолы әкесіне ұқсас болғанымен олардың тағдырлары әр түрлі болған. Темучжин әкесінен ерте айрылып, жетім қалып, өмірдің талай қиыншылықтарын бастан өткізіп, хан дәрежесіне көтерілсе, хан баласы бола тұра Жошы тағдыр толқынында ұзақ өмір сүре алмай, қайғылы қазаға ұшырады.
Өмірде не ексең соны орасың деген халқымызда мақал бар. Себепсіз салдар болмайтынын ескерсек, өмірдің әр қашан тұтасып, жалғасып жататына көзіміз жетеді.
Есухэй жайлы бір сыр бар
Кезінде елеулі оқиға былай басталған екен. Темучжиннің болашақ әкесі Есухэй құс аулап жүрген жерінде Олхуноуд тайпасынан қалыңдық әкеле жатқан меркіт жігіті Их Чилэдуге кездеседі. Қалыңдығын байқап қараса сұлу, сымбатты адам екен. Қалыңдық оған қатты ұнайды. Сондықтан ол аулына қарай шаба жөнеледі. Осыдан білетініміз Чилэдуге шамасы жетпейтінін байқаған, немесе оның қолында қаруы болмаған. Ауылдан Нэгүүн ағасын және Даридай інісін ертіп алып, Их Чилэдуге ұмтылады. Мұны көрген ИхЧилэду құба керге қамшыны басып, бір тұмсықты айналып, қалыңдығы Оэлунге қайтып келгенде, қалыңдығы Их Чилэдуге «сен жаныңды сақта, мыналардың түрлері жаман екен, әйел табылар, бірақ аман болғаның артық болар» деп ақыл айтады да, «есіңе алып жүр» деп үстіндегі көйлегін шешіп береді. Бұлар сөйлескенше тұмсықтан асып, құйғытып келе жатқан үш аттыны көрген Их Чилэду Онон өзеніне қарай кері зыта жөнеледі. Үшеуі оның соңына түсіп, біраз уақыт қуып, қалыңдыққа қайтып келіп, Есухэй батыр түйесін жетелеп, Нэгуүн тәйжі алдын бастап, Даридай отчигин соңынан еріп, ауылдарына бет алады.
Сонда Өзлүн-үжин былай дейді:
Күйеуімнің аты Чилэду
Кіндік шашын дудыратып,
Күн суықта, қу мұңдар
Аш-жалаңаш неге оны
Ай далаға қудыңдар, — деп енді екі бұрымымды дудардай ғып қайтып барамын деп еңірегенде, Онон өзені шайқалғандай, орман-тоғай теңселгендей болады.
Сонда Даридай отчигин келіп былай дейді:
Құшақтаған күйеуің
Құба жонды кезді әне,
Еңіреген күйеуің
Ел-жұртынан безді әне.
Боздасаң да ботадай
Болды сені көре алмас.
Іздесе де жоталай
Ізіңді сірә таба алмас.
Үш өзенді кештірдік,
Үш асудан асырдық,
Іздесең ізі табылмас.
Байқасаң бараны көрінбес,
Бақырсаң даусы естілмес,
Енді еңіреп жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Бұл оқиғадан соң бұрынғы мал, жер дауына жесір дауы қосылып, меркіт пен монғол тайпаларының ара қатынастары ушыға түсіп, олар бітіспес жауға айналды.
Меркіттер деген кімдер?
Енді меркіттер туралы айтатын болсақ, олар қазіргі күні қазақтың орта жүзіне жататын керейлердің бір тайпасы болып есептеледі. Ерте кезде меркіттер керейлермен терезесі тең беделді тайпа болған. Меркіт тайпасының аты X ғасырдан бастап, елімізді билеген Лиау әулетінің жазба жылнамаларында көріне бастаған. Н.Аристов көптеген тарихи деректерді қарастыра отырып, меркіттер IX ғасырда Чайгуйлер одағы ішінде Қосакөл алабында болған түркі тілдес тайпа еді деген пікірді айтқан. Парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин меркіттерді Оғыз тайпаларына жатқызады. XII – ғасырда меркіттер Монғолиядағы ұлыстардың бірі болып, Селенгі өзенінің өңірін мекен еткен. Олардың солтүстіктегі көршілері қырғыс-комат, ойрат тайпалары, оңтүстіктегі көршісі керей ұлысы, шығыстағы көршісі найман ұлысы, ал батыста монғол тайпалары тұрған. Сол заманға тән деректерде меркіттердің мынандай тайпаға бөлінгендігі айтылады. Олар охыз (орыз), мұдан, тудақлин, жиұн тайпалары. Меркіттер жан саны көп жауынгер ұлыс болғандықтан үнемі монғолдармен және керейлермен жауласып отырған. Жесір дауы қосылған кезде олар шабуылдың негізгі бағыттарын монғолдарға ауыстырады.
Есугей ерте өліп кеткендіктен Темучжин жастайынан меркіттердің шапқыншылығымен арпалысып, әрі сол соғыстардан тәжірибе жинап, шыңдалып өседі. Шыңғыстың жас кезінде олар монғолдарға шабуыл жасап, Шыңғысты тұтқынға түсіреді. Бірақ кейін монғолдар меркіттерге төлем беріп, Шыңғысты құтқарып алады. Темучжин 16 жасқа толған жылы Бәлгүтэй екеуі Бөрте-ужинді көру үшін Хәрлән өзеніне қарай аттанады. Цэщэр мен Чихдргу аралығында Хонгирадтың Дэй щещені мекендейтін. Олар барған соң Дэй шешен Темучжинді көріп, қуанышқа бөленеді. Енді өзіңді көргеніме қуанып отырмын деп, батасын беріп, күйеу баласына қызын қосады. Темучжиндер Бөртені алып қайтқанда Дэй шешеннің өзі Хэрлэннің Ураг шөл деген жеріне дейін барып, ыстықта шаршағандықтан Хэрлэнге кейін қайтады. Ал Дэй шешеннің бәйбішесі Цотан ұзатқан қызына еріп, құдалары қонып отырған Хурэлдегі Сангүр бұлағына келеді. Бұл оқиға 1171-1278 жылдары болғанға ұқсайды.
Бөрте ханым
Хронологиялық талдаулардан байқалатыны Темучжинге тұрмысқа шыққан Бөрте көпке дейін бала көтермейді. Тұрмыс бейбіт жүріп жатқанымен 1180 жылдары бір тосын оқиға болады. Их Чилэдүннің әйелі Оэлүнді Есухэй батыр тартып алып кеткендігі үшін кек аламыз деп меркіт тайпасының құрамына кіретін Урид, увас және Хаад деген үш руынан жүз-жүзден адам сайлап және оларға уридтің Тогтоо бегі, Увастың – Дайыр-Үсүн, Хаадтың Хаатай Дармаласы басшы болып, Хэрлэн өзенінің бас жағындағы Бурги қабағында қонып отырған Шыңғысханның ауылына аттанады. Бұлар межелеген жерге таң сарғайып келе жатқанда жетеді. Оэлүн әжейдің үйінде малайлық ететін Хуагчин кемпір түрегеліп: «Әжей, әжей тех тұрыңызшы! Қара жер қақ жарылғандай дыбыс шығып, ат дүбірі естіледі. Қауіпті тайчуудтер қаптап кеп қалмағай. Әжей жылдам тұрыңызшы» дейді. Бұлардың үлгіргендері атқа отырып, үлгермегендері жаяу орманға қашады. Бірақ жау қолына Бөрте, Хуагчин кемпір, Бэлгүтэйдің шешесі түседі. Осы жолы Бөрте екі қабат болғанға ұқсайды. Олар Бөртені алып барып, Чилэдудің бауыры Чилэгэр балуанға береді.
Темучжин бархан халдун тауына үш күн тығылып жатып, жау кері қайтқанына көзі жеткен соң, Хасар мен Бэлтүгэйді ертіп, Туул өзенінің Хар орманын мекендеген уаң хан Тоорилға барып, жағдайды хабарлайды. Ол «Жамухаға хабарла, мен екі түмен әскер алып, он қол болып аттанамын» дейді. Сонымен Темучжин, Тоорил, Жаха-хамбу, Жамуха төрт түмэн және Темужин әскерiмен Ботохан-бооржидан бәрi қозғалып, Хилго өзенiне келiп, сал байлап өтедi де, Буур-хээр деген жерге келiп, Тогтоо – бектiң төбесiнен түсiп, құдіреттi киесiн күл етiп, қыздарын күң етедi. Сиынған нәрселерiн күл-талқан ғып, тайпа-елiн тас-талқан ғып, типыл болғызады.
Уридтiң Тогтоа-бэхi мен Увастың Дайр-үсүн екеуi аз жолдастарымен бiрге Сэлэнгiнi құлай, Баргужин елiне қарай қашады. Меркiттер үркiп, түн бойы Сэлэнгенi қуалай қашқанда әскерлер артынан қуа соғып, жайпайды. Темужин қашқан елдердiң iшiнен «Бөртэ, Бөртэ» деп айқайлап iздегенде, үркiп бара жатқан елдiң iшiндегi Бөртэ-ужин Темужиндi даусынан танып, Хуагчин кемпiр екеуi күймеден түсе жүгiрiп, Темужиннiң шылбырына кеп орала кетедi. Айдың жарығында танымаған Темужин құшақтап аймалайды. Темужин сол түнде Тоорил хан мен Жамуха досына: «Iздеген адамымыз табылғандықтан осы түнгi шабуылды доғарып, осы жерге қонайық» деп кiсi жiбередi.
Үрiккен меркiттер дымы құрып, жеткен жерiне дамылдайды. Бөртэ-үжин меркiттiң шеңгелiнен шығып, Темужинге осылай кездескен едi деп «Монголдың құпия шежiресi» 108-110 бөлiмшелерiнде жазады.
Бұл оқиғаны Рашид-ад-Дин «Жамих ат-тауарих» (1-том,1-бөлiм, 186-187 беттер) деген еңбегiнде былай деп баяндайды. Меркiттер тағы бiр жолы Шыңғысханның ұлысына шабуыл жасап, әскерiн талқандап, ордасын ойрандап, Шыңғысханның бәйбiшесi Бөртенi (қоңырат қызы) олжалап әкетедi. Кейiн Бөртенi керей ханы Тұғырылға (Оң ханға) тапсырады. Мұны естiген Шыңғысхан әйелiн қайтарып берудi өтiнiп, Оң ханға елшi жiбередi. Оң хан елшiге қосып бәйбiшенi қайтарады. Бөрте жолжөнекей Жошы ханды туады. Лев Гумилев «Қиял патшалығын iздеу» деген кiтабының 256-бетiнде : Ол (Жошы) меркiттер шапқыншылық жасаған жылы туып, соның салдарынан оның шыққан тегiнiң заңдылығына күмән келтiрiлген дейдi.
Д-р Эренжен Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» деген еңбегiнiң 10 бетiнде Бөртенiң үлкен ұлының туған жылы 1182 жыл екенi жақсы белгiлi дейдi. Қазақша Жошы десек, монғол тiлiнде ол Зүчи деп жазылып, монғол тiлiнен қазақ тiлiне аударғанда қонақ деп аударылады екен. Шыңғысхан Бөртенi өмiр бойы құрметтеп өтсе де, Жошыға күмәнданып әрi осы ойын өмiр бойы құпия ұстап өткенге ұқсайды.
Бурхан монғол тілінде құдай деген ұғымды білдіреді
…Бiздер үшiн бүгiнгi күнгi уақыт жаңалыққа, ал өткен күнгi уақыт тарихқа айналды. Туған елiмiздiң өткен күндерiнен тарихи мәлiметтердi белгiлi бiр дәрежеде монголдың құпия шежiресiнен бiлуге болады. Себебi Шыңғысхан мен Жошы ханның әскерлерi негiзiнен қазiргi халқын құрған тайпалардан тұрған.
Бұл салада республика ғалымдары соңғы жылдары бiраз жұмыстар атқарды. Ол еңбектерден бiлетiнiмiз Онон өзенi басталатын Бурхан-халдун тауларының аймағында X-XII ғасырларда бiзге белгiлi түркi тайпалары өмiр сүрген. Бурхан монғол тiлiнде құдай деген ұғымды бiлдiредi. Бұл сөз ертеде қытайлықтардан монғолдарға ауысқанға ұқсайды. Себебi бұрынғы қытайлықтар монғолдарды және де монғолдарға туыстас халықтарды ұзақ бодандықта ұстап, өз дегендерiн оларға жасатып отырған.
Бурхан-халдун тауы жасыл орман-тоғайлы, шүйгiн шөптi, суы мол, аң-құстардың көптеген түрлерi мекендейтiн аймақ. Биiк шыңдары, сұлу шыршалы ормандары, әсем құз жартастары кiмдi болса да қызықтырмай қоймайды. Тау шыңынан күн сәулесi көтерiлсе орман iшi құстардың әнiне бөленедi. Тау аймағынан малдарға да, аң-құстарға да, адамдарға да жылдың қай мезгiлi болмасын көрек керегiнше табылады. Сондықтан да болар осы тауды жергiлiктi халықтар Бурхан-халдун, құдай тауы деп атаған. Ол кезде осы тауды негiзiнен мекендегендер Уранхай тайпалары болған. Ертеде монголдың Бөртэ-чино және Гуа-марал деген ерлi-зайыпты адамдары өмiр сүрiптi. Олар әр жерге көшiп-қонып, талай тауларды, су өзендердi асып, азап өмiрдiң тауқыметiн бастан кешiрiп, ақыры осы аталып отырған жерге келiп қоныс тебедi. Олардан Батқаған деген ұл туады. Жылдар жылжып өткен сайын ұрпақтан ұрпақ пайда болып, тамырын жая бастайды. Батқаганнан – Тамача, одан Хоричар-мерген, одан Удржин-бдурал, одан Сам Хачау, одан Ихнудэн, одан Шинсочи, одан Харчу, одан Боржигидай туады. Боржигидай мергеннiң әйелi Монголжиңгуадан Торголжин деген ұл туады. Ол Борогчин-гуаға үйленедi. Бұл от басының тұрмыстары жақсарып, малдары өсiп, байлыққа ие болады. Олар бай болғандықтан екi көк аты бар Боролдайсуляби деген жас жалшы ұстайды. Торголжин байдың Дува соқыр және Добу мерген деген екi ұлы болады. «Монғолдың құпия шежiресiнде» Дува соқырдың маңдайының ортасында бiр көзi болатын және көш жердi көретiн едi деп жазады. Әрине, бұл шындыққа жанаспайды. Ғылымның зерттеп, талдауы бойынша адамзат пайда болғаннан бастап, қазiргi уақытқа дейiн жалғыз көздi адамдар – циклоптар өмiрде болған емес, ондайларды тек ертектердiң кейiпкерi ретiнде ғана ел бiледi. Осыдан Дуваның соқырлығы туа бiткендiктен немесе жарақаттанғандықтан, не көз ауруының асқынуынан бiр көзi көрмей қалғанға ұқсайды. Күндердiң күнiнде Дуба соқыр аң ауламақшы болып, iнiсi Добу мергенмен Бурхан-халдун тауына шығады. Аң аңдып отырғанда олардың көзiне осы тауға қарай жылжып келе жатқан көш түседi. Бiраз бақылағаннан кейiн Дува соқыр iнiсiне былай дейдi:
– Мына көштiң iшiнде бiтеу арбаның алдында бiр әдемi қыз кетiп барады. Сен барып осы көштегiлер кiмдер екен және қыздың басы бос па? Соны бiлiп кел. Егер басы бос болса, құда түсiп сол қызды саған алып беремiн дейдi. Добу мерген бiрден көшке келiп, көшшiлермен танысып, сөйлеседi. Олар Бурхан-халдун тауында аң-құс көп және жерi малға жайлы әрi от екенiн естiп, Уранхайлық Шанч баймен көршiлес қонып отыру үшiн және онымен сөйлесуге хори түмед жерiнен көшiп келе жатқан хори түмед нояны Хорилардай мерген бастаған ауыл екенiн бiледi.
Қыздың әкесi осы Хорилардай мерген, шешесi Баргужин-гуа алыс шалғайдағы Баргужин руының қожайыны Баргулдай мергеннiң қызы екен. Қыздың басы бос, аты Алун-гуа, туған жерi Аргус деген жер екенiн анықтайды. Өз мекендерiнде бұлғын, тиын, аң-құс аулауға тиым салынғандықтан бұлар туыс жерлестерiне ренжiп, Бурхан-халдун тауын мекендеген уранхайлық Шанч байдың аулына бет алып, көшiп шығыпты.
Алун-гуа Добу мергенге бiрден ұнағандықтан, ағасы қызға құда түсiп, iнiсiн аяқтандырады. Әрине, ағайындылар бай балалары болғандықтан құдалықтың жол-жорамалдары оңай орындалады. Добу мерген мен Алун-гуа Бүгүнүтәй, Бэлгүнүтэй деген екi ұлды өмiрге әкеледi. Ағасы Дува соқырдың төрт ұлы болады. Олар әкелерi өлгеннен кейiн Добу мергендi әкелерiнiң iнiсi ретiнде силамайды әрi оны кемiтiп, мазаққа айналдырады. Сөйтiп жүрiп олар кiшi әкелерiнен бөлiнiп, басқа жаққа көшiп кетiп, өнiп-өсiптi. Олардан өскен ұрпақтарды сол аймақтағы адамдар дүрвэд рулары деп атап кетiптi. Бұл оқиғадан аңғарғанымыз, Добу мерген жастайынан нәзiк немесе өсе келе аурушаң адам болғанға ұқсайды. Егер ол ынжық болмай қажырлы, өткiр адам болса, әрине, ағасының төрт баласы бұның жанында болар едi. Оған келесi мысал да дәлел бола алады. Ағасы өлiп, одан туған балалар басқа жаққа көшiп кетiп, жұртта қалған Добу мерген Тогоцог жотасына аң аулауға шығады. Сөйтiп жүрiп орман iшiнде бұғы сойып, қабырғасын қақтап жатқан бiр урианхай кiсiсiне кездесiп, одан ет сұрайды. Әлгi кiсi бұғының терiсi мен зүлдесiн өзiне қалдырады да, басқа етiн Добу мергенге бередi. Монғолдар зүлде деп малдың басы, мойны және өкпе-жүрегiнен тұратын бөлiктi айтады.
Қазақ халқында қатты шаршағанда тек сүлдем қалды деп айтатын ескiден келе жатқан түсiнiк бар. Шамасы бұл сөз қол, аяқсыз жұмысқа, жүруге қаблетiм жоқ дегендi бiлдiретiн түсiнiк шығар, өйткенi, сүлде сөзi монғолдың зүлде сөзiмен ұқсап, астасып жатыр ғой.
Добу мерген
Ендi әңгiменi Добу мергенге бұрайық. Уранхай кiсiсi еттi Добу мергенге қорыққанынан берiп отырған жоқ. Ол аңды Добу мерген өз еркiмен ала алмайтынына көзi жеткендiктен оны мүсiркеп аяғандықтан берiп отыр. Егер Добу мерген аңды өзi оңай алатын болса, онда ол уранхай кiсiсiнен ет сұрамаған болар едi. Келесi оқиғалар да Добу мергеннiң әлсiздiгiн дәлелдей түседi. Бұғының етiн артып алып келе жатқанда оған бiр баланы жетектеп келе жатқан мүсәпiр адам кездеседi. Бұлар жөн сұрасқанда мүсәпiр тұрып:
Мен Малиг-баяуд адамымын, әрең жүрiп келемiн. Мына баланы сiзге тапсырайын, маған ет берiңiз, — деп сұрайды. Добу мерген сәл ойланғаннан кейiн, бұғының бiр санын мүсәпiрге тастап, баланы майлайлыққа үйiне әкетедi. Егер Добу мерген күш-қуатты болса, мүсәпiрге барлық етiн тастар едi, болмас баламен бiрге мүсәпiрдi аулына апарған болар едi. Жағдайдың бұлай болуы да Добу мергеннiң шамасының аз екенiн көрсетедi. Монғолдың құпия шежiресiнде бұл кездесу осылай аяқталып, мүсәпiрдiң аты Малиг, малай баланың аты және мүсәпiрдiң кейiнгi тағдыры белгiсiз қалады. Тек малай баланың көлеңкелi өмiрiнен бiздерге болмашы кiшкентай ғана сауал жетедi. Добу мерген де ұзақ жасамай өмiрден өтедi. Добу қайтыс болғаннан соң Алун-гуа күйеуге шықпағанымен Буха-хатаги, Бухату-салжи, Бодончар-мунтаг деген үш ұл табады. Қалай дегенмен бұл оқиға сол кезде көршiлер, туыстар арасында сөз де болған шығар, бiрақ монғолдың құпия шежiресiнiң авторы бұл әңгiменi Добу мергеннiң тiрi кезiнде туған балалары Бүгүнүтэй, Бэлгүнүтэй екеуiнiң әңгiмесi ретiнде көрсетедi. Олар шешемiздiң күйеуi әрi бiзге келетiн жақын ағайымыз жоқ, тек үйде Малиг баяуд малайдан басқа адам болмайды, мына үш сүмелек осы малайдан болмаса игi едi дегендi айтады. Бұл әңгiменi шешелерi Алун-гуа естiп қалып, бiр күндерi бес баласының басын қосып, олардың күмәндануларын сейiлтiп, мынандай әңгiме айтады.
– Түн сайын бiр ақсары адам бiздiң үйдiң шаңырағын жап-жарық қып кiрiп келiп, менiң құрсағымды сипағанда, оның нұры жатырыма сiңiп кететiн. Ол адам күн шығар кезде итше еркелеп шығып кететiн. Бұл жайды бiлмей жатып, неге күмәнданасыңдар. Алланың асасынан берген ұлдар ғой бұлар. Оларды тобырға теңеуге бола ма? Қарапайым адам хаган болса ғана оның мәнісін түсiнер едi дейдi. Бес баласының басын бiрiктiрiп, тату-тәттi өмiр сүргiзбекшi болып, өмiрiнiң соңына дейiн арпалысып, аяулы ана Алун-гуа да бұл жалғаннан өтедi. Аналары өмiрден өтiсiмен балалары атадан қалған мал-мүлiктi бөлiсiп алғанда, олардың ең кiшiсi Боданчар-мунхагқа жауыр сұр аттан басқа ештеме тимейдi. Ағаларына өкпелеген ол шодыр арқа, шолақ құйрық сұр атына мiнiп, Онон өзенiне жол тартады. Балшин аралына барып, өзiне күрке тiгiп, тiршiлiк қамын жасайды. Күзде жемiс-жидек терiп жеп жүрiп, қара құрдым көк қаршығаның ұстап жегенiн көрiп, атының құйрық қылынан тұзақ жасап, сол қаршығаны ұстап алып, асырайды. Суықта жымға түскен аңның етiмен көректенiп, қасқыр жеген жемтiк етiмен қаршығасын қоректендiрiп, қысты өткiзедi.
Жазға қарай қаз-үйректер келгенде қаршығасын соларға салып, көп етке қарық болады. Құс етiнiң көп болғаны сондай, ол еттердi қақтай алмай, көбiне шiрiтiп алып жүредi. Сөйтiп жанғыз жүргенде ну орманның жазық жағынан Түнхэлэг бұлағының басына бiр топ ауыл келiп қонады. Боданчар бұл ауылға құс аулап жүрiп, күн сайын соғып, қымыз iшiп кетудi әдетке айналдырады. Ауыл адамдары одан «сен кiмсiң?» деп, ол да «сендер қай ауылсыңдар?» деп сұрамайды.
Iнiсiнiң Онон өзенi жағына кеткенi есiне түсiп, ағасы Буха-хатаги осы Түнхэлэг бұлағындағы ауылға келiп, «сондай атты, сондай киiмдi кiсi көрдiңдер ме?» деп сұрайды. Сонда ауыл адамдары «күн сайын бiр кiсi бiзге келiп, қымыз iшiп кететiн, сұрағаныңыз сол кiсiге ұқсайды. Оның түнде қайда қонатынын бiлмеймiз. Оның қымызға келетiн уақыты таяп қалды, күте тұрыңыз», дейдi. Ағайынды-iнiлi екеуi осы ауылда жолығып, қымыз iшкен соң, ағасының аулына кетiп бара жатқанда Боданчар ағасына бұл ауылда ие жоқ, адамдары бей-жай, осы ауылды басып алайық, деп ақыл салады. Бұлар ауылына келiп, адам жинап, алдыға шолушы ретiнде Боданчарды жiбередi. Алдымен жүрген Боданчар бiр жүктi әйелге кезiгiп, оны ұстап алып: «сен кiмсiң?» деп сұрағанда ол әйел: «Мен Шарчиуд аданхан урианхай (уранқай) адамымын» дейдi.
Ағайынды бесеуi осы ауылды шауып, адамдарын өздерiне малай қылады. Осы жүктi әйел Боданчарға келгеннен кейiн бiр ұл табады. Оны басқа рудың өкiлi болғандықтан Жажирадай деп атайды. Одан Тугудай, одан Бурьбулчиру, одан Хархадан, одан Темүчжинге анда болатын Жамуха туады. Осы тармақтағы аталарды Жадарандар деп атайды.
Қарастырып отырған шежiреден бiлгенiмiз Жамуханың арғы аталары Уранхайлар болған екен. Сонымен Дува мергеннiң бiрiншi ұлы Бүгүнүтэйден тараған ұрпақтар – бүгүнүд – аталылар атанады, ал екiншi Бэлгүнүтэйден тараған ұрпақтар Бэлгүнүд аталылар атанады, ал кейiнгi Алун-гуадан әкесiз туғандардан немесе Малиг баяуд малайдан туған Буха-хатаги ұрпақтары хатаги, Бухату салжи ұрпақтары салжид, Бодончар ұрпақтары боржигин аталылар деп аталады. Осы Боржигин тармағынан Темүчжин туады. Шежiреде көрсетiлгендей Шыңғысханның ертеректегi аталары Дову мерген бұғы етiн артып келе жатқанда кездесетiн Малиг-баяуд кiсi мүсәпiрдiң баласы немесе түн сайын үйдi жап-жарық қылып, шаңырақтан түсетiн белгiсiз жан болып тұр ғой. Шаңырақтан түскен адам, ол Алун-гуаның ойы, балаларының басын бiрiктiру үшiн айтылған сылтау да, ол үйде Малай баланың болуы нақтылы тарихи оқиға. Сол кездегi Малиг-баяудтар кiмдер? Егер осыны анықтасақ көп мәселенiң мәнi ашылған болар едi.
Шыңғысханның балалары
Сонымен Шыңғысханның балалары Цагадай, Үгедей, Толун ағалары Жошы ханның шығу тегiн меркiттерге телiсе, Дову мергеннiң балалары Бүгүнүтэй, Бэлгүнүтэй, Шыңғыс ханның бұрынғы аталарының шығу тегiн мүсәпiр баласының шыққан тегi Малиг-баяудқа телiп кеткен. Бұл шежiреде келтiрiлген тарихи дерек, сондықтан да қарастырылып отырған жай өз мәнiн жоғалтпай, мәңгiлiк сақталып, жалғасын таба бермек. Ежелгi жұнсоның, парсының, гректiң жазба деректерiне қарағанда бiздiң заманымыздан бұрынғы 7-4 ғасырларда Орта Азия өңiрiн сақ тайпалары мекен еткен. Ал С.Г. Кляшторный мен Т. И. Сұлтановтың Алматыда «Рауан» баспасынан 1992 жылы басылып шыққан еңбектерiн қарастыратын болсақ, олар тайпалардың бұл аймақта және Волга өзенi мен Алтай тауларының аймақтарында 3 мың жыл бұрын өмiр сүргендерiн дәлелдейдi. Қола дәуiрде Сiбiрдiң, Қазақстанның, Орта Азияның кең байтақ далаларын шыққан тегi және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендегенiн Ачинск мағындағы Андрово селосының атымен ғылымда шартты түрде «Андрон мәдениетi» деген деректерге сүйенiп дәлелдейдi. Осы кейiнгi туыстас тайпалардың ең бiр мықтысы Қыпшақтар болды. М.С. Мұқановтың 1974 жылғы (53-бет) басылған «Орта жүз қазақтарының таралуы мен этникалық құрамы» деген кiтабында ертедегi араб-парсы әдебиетерiнде қыпшақтарды – қимақтар, қыпшақтар, еуропалықтар — қомандар, орыстар – половцылар деп атаған дейдi. Сол кездiң өзiнен бастап, қазiргi Қазақстан аймағындағы халықтар оларды қыпшақтар деп атаған. С. М. Ақынжанов 1989 жылы басылған «Қазақтың ортағасыр тарихындағы қыпшақтар» деген кiтабында қыпшақтар тарихын көне заманнан бастап қарастырып, түркi қағанатының ыдырауынан кейiн Сiбiр халқы қыпшақ тармағын Уранқай деп атағанын дәлелдейдi. Қыпшақтар, Уранқайлар тағы басқа тайпалар Қимақ бiрлестiгiнен тараған. Олардың сол заманда тұрған мекенi Тараз қаласының шығысында жылдам, жүрдек аттың жүрiсi бойынша 80-81 күндiк жер екенiн араб тарихшылары Тамим ибн Бахар, Ибн Хордадбек, Ибн ал-Факих, Яхут, Идрисилар жазып кеткен. Сүйтiп, X-ғасырда қазiргi Қазақстан аймағын мекендеушiлер Қыпшақтарды – қыпшақ деп, орыстар половцылар, еуропалықтар командар, араб-парсылар кимактар-қыпшақтар деп, ал Сiбiрдегi монғол тiлдес және де басқа халықтар оларды Уранқайлар деп атаған екен.
Уранқайлықтар мен хорезмдiктер арасындағы алғашқы қатынастар туралы мәлiметтер Орта Азия тарихшысы Несеви еңбектерiнде кездеседi. Тарихшы Мухаммед ибн Ахмед аль Несеви монголдар шапқыншылығының алдында Неса қаласының маңындағы қорғанда туған. Өсе келе Хорезмшах Джелал ад-Диннiң хатшысы болып қызмет атқарған. Ол Джелал ад-Диннiң монғолдарға қарсы жасаған барлық жорықтарына қатысқан және «Сұлтан Джелал ад-Дин Манкубирти» деген кiтап жазып, Хорезм шах державасы туралы бiраз мәлiметтер берген. Хорезм шахтарының солтүстiктегi және солтүстiк шығыста орнасалқан көршi қыпшақ тайпаларына қарсы жорықтары суреттелген. Автордың мәлiметi бойынша Джалел ад-Диннiң әкесi Мухаммед шахтың анасы Терхен-хатун имек тармағынан тараған байауыт руының адамы болған. Аль-Джузани Терхен-хатун қыпшақ ханның қызы едi дегендi айтқан. Сол кездегi тарихшылар монғолдардың солтүстiк шығысындағы өзеннен басталатын даланы мекендеген тайпа жадай байауыттар, ал Селенгi өзенi бойын мекендеген тайпа кэхэрен байауыттар екенiн және олардың Құнан деген басшысының ықпалымен қазiргi Арал теңiзiнiң маңына, Қызылорда аймағына қоныс аударғанын көрсетедi.
Монғол династиясының соңғы императоры Туг-Тэмурдiң үйленген қалыңдығы қыпшақ қолбасшысы Тутуханның немересi байауыт тармағынан едi деп А.П. Перро «Юаньшидан» алған мәлiметiне сүйенедi. Несевиде Құнан бастап келген байауыттарды қыпшақ тайпасына жатқызады. Сонымен Дува мергенге кездескен мүсәпiр мен бала Малиг-баяуыд кiсiлерi қыпшақтар тайпасынан болғанға ұқсайды. Осыдан Шыңғыс ханның балалары Цагадай, Үгедей, Толуи ағалары Жошы ханның шығу тегiн меркiттерге телiсе, Дову мергеннiң балалары Бүгүнүтэй, Бэлгүнүтэй Шыңғыс ханның бұрынғы аталарының шығу тегiн Мүсәпiр мен баланың шыққан тегi Малиг-баяуыдқа телiп кеткен. Осыдан байқалатыны қыпшақтар, уранқайлықтар және баяуыттар бiр тармақтан таралған және олар көп жылдар бойы Қимақ бiрлестiгi құрамында болған.
Шыңғысхан хан сайланған 1182 жылы Жошы хан өмiрге келедi. Шыңғысхан қарт шағында өз ажалынан бұл өмiрден өтсе, Жошы хан шамамен 45 жасында құпия жағдайда көз жұмады. Жошы ханға арналған арнайы әдебиет жоқтың қасы. Дегенмен 1227 жылы Жошы ханның қайтыс болу оқиғасына байланысты Найман Кербұғаның «Ақсақ құлан», «Жошы хан» атты әйгiлi күйлерi жарыққа шыққан. Осы 13-ғасырда өмiр сүрген Аталық жырау да Жошы хан жайында жыр қалдырған.
Ендiгi бiр айтатын жәйiт, Жошы хан туралы деректердi Москвадағы патша архивiнен iздеген жөн. Себебi онда сақталған құжаттар көптеген ғасырды қамтиды, әрi татар тiлiнде жазылған. Алтын орда үстемдiгi жайында қыруар құжаттар бар көрiнедi. Шыңғыс хан мемлекетiнiң iс жүргiзу, ел басқару тәжiрибесiнде қолданылған «яса», «дәфтер», «жарлық», «ұлан», «дархан», «бек» сияқты сөздер орыс патшасының құжаттарында сонау Батый заманынан бастап, патша архивiнiң тiзiмдерiнде жиi кездесе бастады. Монгол мемлекетiмен қарым-құжатынасына байланысты құжаттар өз алдына тiркелiп, түптелiп жинақталып отырған. Мысалы, патша архивiнiң бiр тiзiмiнде: «148-жәшiк. Осы жәшiкте Батыйдың және басқа патшалардың ескi дәфтерлерi аударылмаған және ешкiм аудара бiлмейдi» деп жазылған. Мүмкiн Жошы хан туралы деректер осы құжаттарда бар шығар. Егер оны оқып талдаса, тарихымыздан елеулi мағлұмат алған болар едiк. Шыңғысхан тұсында меркiттер монголдардың бiтiспес ата жауларына айналды. Оған себеп болған Шыңғыстың анасына және әйелi Бөртеге қатысты оқиғалар едi.
Сондықтан Шыңғыс тұңғыш баласын меркiттерге барынша өшпендiлiкте тәрбиеледi. Жылан жылының жазында (1197 жылы) Шыңғысхан Жошыны алып, меркiт Тоқтабекке қарсы жорыққа аттанады. Екi арадағы соғыс Хорас, Морас маңында, Селенге өзенiне таяу Мұнчи деген жерде болады. Бұл жорықта олар меркiттердiң Отонон деген жерде бөлiгiн талқандайды. Жылқы жылы (1198 жылы) олар Бокир-кегере деген жерде меркiттермен соғысып, Тоқтабектiң баласы Томұзбектi өлтiредi. Тоқтабектiң екi бикешi Қотұқты мен Жылауын тұтқынға түседi. Тоқтыбек жеңiлiп, Боргужiнге қашып кетедi. 1204-жылы күзде монғолдар қалың қол жинап келiп меркiт Тоқтабектiң әскерлерiмен соғысады. Соғыста жеңiлген Тоқтабек, баласы Жұду, Шылауынмен бiрге найман Бұйрық хан елiне қашады. Монғолдар қашқан меркiттердi қуалайды. Бұрынғы Темүчэниннен кек алмақшы болған Увастың – Дайр үсүнi Шыңғысханмен елдесудi тiлеп, өзiнiң қызы Құланды Шыңғысханға бередi. Шыңғысхан оған мәнсап берiп, өз тайпасын билетедi. Монғолдар меркiттердi талқандағанда, Тоқтабектiң үлкен ұлы Хұдудың Тоғай және Тiлеген деген екi әйелiн тұтқынға түсiредi. Шыңғысхан осы Тiлегендi Угедей ханға тигiзедi. 1208 жылы Монғолдар Ертiс өзенiнiң алабына барып бекiнген меркiт Тоқтабекке қарсы жорық жасайды. Жол-жөнекей бағынған ойраттардың жол бастауы арқылы Тоқтабек пен Кұшлiк ханға тұтқиылдан шабуыл жасап, Тоқтабектi өлтiредi, найман Таян ханның баласы Кұшлiк хан қашып құтылады. Тоқтабектiң балалары ХұХұду, Шылауындар Ертiс өзенiнен өтiп, Қаңлы, Қыпшақ елiне кетедi. Осы соғыстан Тоқтабектiң кiшi баласы Қолтуған мерген қыпшақ елiне қашады. Ол садақ атқанда алдына жан салмайтын мерген болған. Шыңғысханның баласы Жошы оны қуып барып, ұстап алып, садақ атқызып, сынап көредi. Қолтуған мерген iркес-тiркес садақ тартқанда, алдыңғы атқан оғын артқы оғы ашасынан тиiп жарып тастайды екен. Мұның мергендiгiне мейлiнше қызыққан Жошы хан әкесi Шыңғысханға кiсi салып, Қолтуған мергендi өлтiрмей алып қалуды өтiнедi. Шыңғысхан бұл өтiнiштi мақұлдамай Қолтуған мергендi өлтiрiп тастайды. Осы соғыстың жүру тәртiбiнен байқайтынымыз Жошы ханның соғысқа деген мiнез-құлқының бiр тектi болмауында. Қалай дегенмен де бас кесу бар да тiл кесу жоқ деген қағида ұзын құлақ арқылы өз дегенiн жасап, Жошы хан көңiлiне бiр саңлау түсiредi. Сондықтан ол Шыңғысханның меркiттерге шүйлiгу себептерiн анықтауды өзi құпия түрде жүргiзгенге ұқсайды. Оған қыпшақ елiне қашқан Қолтуған мергеннiң соңына өзi түсiп, оны тiрiдей қолға түсiргенi дәлел бола алады.
Жошы хан Қолтуғанмен талай рет сұқпаттасып, сан ойды саралаған шығар. Бiрақ тарих ол жағынан бiздерге тiс жармайды. Монғолдың құпия шежiресi Жошы хан оның мергендiгiне өте қызыққан едi деп оқушыларды негiзгi ойдан бұрмалайды. Солай да болуы мүмкiн, бiрақ жағдайдың бұлай болуына, Жошы ханды итермелеген, қызығушылық емес, ол туыстық сезiм болса керек. Шыңғыстың Қолтуғанды өлтiрiп тастауы, олардың арасына сызат түсiрдi және ол сызат әрi қарай тереңдей түстi.
Жошы ханның Ұлытауда жерленгені шындыққа саяды
Шыңғысхан әр кез әке әрi алпауыт жиһангер, ал Жошы оның баласы және әскери қызметшiсi болғандықтан олардың мәртебелерiн теңестiру қателiк болады. Дегенмен Жошы ханның әкесiне деген iштей қарсылығы әр кездерi болғанға ұқсайды.
Шыңғысхан қытайды жаулап, өзiнiң негiзгi мақсатын орындау үшiн монғолдардың iшкi және сыртқы жауларын тыныштандыруды ойлап, өзiнiң тұңғыш ұлы Жошы ханды орман халықтарын жаулауға аттандырады. Жошы қоян жылы (1207 жылы) оң қол әскерiн бастап, Сiбiрдегi буряттарды, якуттарды, тувалықтарды еш соғыссыз, дипломатиялық жолмен келiсу арқылы бағындырады. Хэргис ноендары Эли, Инал, Алдиэр, Үлөбэгтигиндер ақ сұңқар, ақ боз ат, Қара бұлғын алып келiп, Жошы ханды қарсы алады. Бұлар Шыңғыс ханға келгендi баласына ырза болған әкесi ұлдарымның үлкенi едiң, сен үйден алғаш рет шығып, жолың құтты болды. Сондықтан осы бағынған барлық орман жұртын саған бердiм деп әмiр еттi. Әрi олармен достықты күшейту үшiн, Ойрдтың Худуга бехинiнiң ұлы Иналчыға Чэчэйхэн қызын бередi. Иналчының ағасы Төрөлчiге Жошы ханның қызы Олуйханды бередi. Сонымен Шыңғысханның қолы босап, Тангут патшалығы мен Қытайға шабуылға көштi. Олармен соғыс 1215 жылға дейiн жалғасқан едi. Сол жылы Шыңғысхан қытайлармен бiтiм жасады және негiзгi назарын монғолдардың батысындағы елдерге аударды. Себебi қыпшақтар өз алдына династия болып тұрғанда, оларға монғолдардан жеңiлген Тоқтабектiң үлкен ұлы Хүдуд қашып барған болатын. Ол кезде қыпшақтарды билеп тұрған сол династияның iргесiн қалаған Ѕұнан Инасы деген қария адам едi. Ол қашқынды өз қол астына алып, Хүдудты бер деген Шыңғысханның сұрағын жауапсыз қалдырған. Құнан өте қарт болғандықтан оның қол астындғылар тәртiп бұзуды көбейтiп жiбередi. Оның рұқсатынсыз баласы Хулусуман Шыңғысханға мен бағынамын деп елшiлер жiбередi. Бұл кезде ертерек бұйрық алған Жошыхан бұл елдiң шекарасына килiккен едi. Осы шаң батыстағы хорезмдiктердiң ең күшейген кезi болатын. Олар солтүстiктегi және солтүстiк шығыстағы қаңлы және қыпшақтарды толық күйретуге аттанған болатын. Бұл жорықта негiзгi күштi бастап шыққан Хорезм шахы Мухаммед едi.
Джузжанның сөзi бойынша қашқан қыпшақтарды қырып жоя отырып, Хорезм шах солтүстiк полюске жетедi. Ол жерде әр қашан күн күңгiрттенiп тұрады және күн шапағы көк жиектен түн бойы батпайды. Түндi алмастыратын жазғы күңгiрттiк. Жоғарғы ендiкте тек жаз айларында болатыны белгiлi. Әрине, Хорезм шах нағыз солтүстiк полюске жеткен емес, бiрақ жорыққа қатысушылар бұндай жағдайда болып көрмегендiктен, олар таң қалған. В.В. Бартольдтың айтуы бойынша Хорезм шах әскерiнiң монғолдармен кездесуi жаз айларының басында болған. Ибн ал-Асидiң мәлiметiне қарағанда Хорезм шах Самарқандтан солтүстiк бағытына қарай төрт ай бойы жүрген. Әрине, бұл уақыт қазiргi қазақ даласының шетiне жеткен мезгiл. Сүбэдэй мен Жошыхан бастаған әскер мұсылмандармен болатын соғыстан бiр күн бұрын меркiттерге жетiп, Қаңлы мен Қимақ арасындағы меркiттердi талқандайды. Сол күнi кешке осы жерге жеткен Хорезм шах жаралы меркiттен монғолдардың бұл жерден кеткенiн естiп, соңдарынан қуып, таң ата оларға жетедi. Соғыс Жарма өзенiнiң солтүстiк жағасында күнi бойы жалғасады. Екi жақ бiрiн-бiрi ала алмайды. Кешке қарай екi әскер өзеннiң әр жағасына орналасады. Түнде монғолдар әр жерден көп қып от жағып, өздерi iзiн суытып кетiп қалады.
Қытай әдебиетiнде Шыңғысхан қиданның жесiр қаншайымына Кумак деген жерде мұсылмандармен болған соғыста, қоршауда қалған Жошыханды қаншайымның баласы қалай құтқарғанын егжей-тегжейлi айтып берген. Егер осы айтылып отырғандарға талдау жасайтын болсақ және монғол әскерлерiнiң бастаушыларына олар кiмдер деп зер салатын болсақ, олар монғолдың сыртқы барлау жұмыстарына жауаптылар Сүбiтай және Жошыхан.
Сондықтан да Сүбiтай мен Жошы хан монғолдардың барлау жұмыстарының арқасында Хорезмшахтың төрт ай бойы жүрiп отырған жолдарын бiлiп, бақылауда ұстағанға ұқсайды. Ал меркiттерге келетiн болсақ, олар 1208 жылдары бас көтермейтiндей етiлiп талқандалған және оларда 1216 жылы соғысқа дайындалатын мүмкiндiк жоқ болатын.
Меркiттер соғысқа келе жатыр деген дақпырт Шыңғысханның әлсiз жерiн дөп басып, әскердi сол қыпшақ даласына алып шығу үшiн жасалған амалға ұқсайды. Аға ханзада Жошыханды қолбасшы етiп, орталық Монғолиядан асығыс түрде аттандырыған монғолдардың iрiктеулi екi түмен әскерiнiң бөлiнуiнiң өзi-ақ сол мәселенi дәлелдеп тұрған жоқ па? Сүбiтай мен Зелменiң уранқайлықтар екенiн еске алсақ онымен қоса Ұүнан қыпшақ та, Алып дерек те уранқайлықтар. Меркiттердiң де сол жерде бiрi қалмай қырылуы да дақпырт Шыңғысханды сендiру үшiн қолданған амал. Сондықтан бөлiнген негiзгi күш қыпшақтарға көмек ретiнде бағытталғанға ұқсайды. Сол соғыста түркi тiлдес қидандардың болуы да, соғыс жоспарының мұқият қарастырылғанын көрсетедi. Негiзгi соққы Хүдүд қашып келген қыпшақтарға берiлуi керек едi, тiптi қыпшақтар туралы сөз болмайды және Жошы хан қыпшақ шекарасына келгенде Шыңғысханға қыпшақтар бағындық деген хабар жеткiзедi. Сонда Жошы хан нелiктен қыпшақтармен соғыспайды, бұның бәрi жұмбақ. Осы соғыста мықтап шығынға ұшыраған Хорезм шах елiне қайтады. Ол елiнде тыныш жата алмай, монғолдардың күштiлiгiне көз жеткiзу үшiн және жансыздан олар туралы бiлу үшiн оларға достық керуенiн жiберiп бақылайды.
Қытай жорығынан Қарақорымға келген Шыңғысхан оларды жақсы қарсы алып, қажеттi кәдесiн жасап, сый-құрметпен қайтарады. Содан соң 100 мұсылман саудагерлерiнен тұратын керуендi жасақтап, хатқа батыстағы патша сiз, шығыстағы мен бейбiт сауда жасасып, дұрыс өмiр сүрейiк деген ойларды жазып, батыстағы Хорезм елiне аттандырады. Бұдан соң Шыңғысхан Сартау елiне жiберген Ухуна бастаған жүз елшiсi өлтiрiлгенiн естiгенде, әскерiн жинап, сартаулдармен шайқасқа дайындалады. Хорезм сол кездегi батыстағы ең күштi империя болғандықтан Шыңғысхан да және басқалары да бойларына секем алады. Бұны сезген Шыңғысханның татар әйелi Есүй:
Ұлы асудан асарда,
Ұлы өзеннен өтерде,
Ұзақ жолға шығарда,
Олай-бұлай боп кетсеңiз,
Қалың елiң Монғолды,
Кiм билер деп сенемiз,
Қасиеттi туыңды,
Кiм ұстар деп сенемiз,
Соны айтып кетiңiз, — деп ол қатын болса да тым орынды айтты. Ол менiң және достарымның Боорчи мен Мухулайдың есiне келмептi. Мен өлмейтiн адам емеспiн, үлкен ұлым Жошы сен айт дегенде, Жошыдан бұрын Цағадай сөзге араласады. Оны неге нұсқағалы отырсың, бiз Мэридтiң қоңсығына бағынамыз ба? – дейдi. Сонда Жошы атып тұрып, Цагадайды алқымынан алып тұрып, былай дейдi.
-Менi хаган әкем сырт көрмегенде сен неге шеттетесiң. Менен ақылың да, күшiң де артық емес, тұрысатын жерiңдi айт. Оларды Боорчи мен Мухалай әрең ажыратады. Сол жерде мұрагерлiктi Үгедейге белгiлеп, от басы тарқасады. Сонымен Шыңғысхан 1219 жылы көктем айының басында Сартаулға қарай бет алады. Балқаш көлiнiң шығысындағы Қиялық қаласын билеген қарлық ханы Арслан Шыңғысға соғыссыз берiлгенi үшiн, Шыңғысхан өз қызы Алқа бикенi атастырады.
Iле алқабындағы Алмалықта тұрып Жетiсуды билеген қаңлы тайпасының ұлыс бегi Тұғырыл мен оның баласы Сұнақ тегiн өздерiнiң барлық әскерiмен Шыңғысханға қосылғанда, Шыңғысхан Жошының үлкен қызы Бикенi Сұнақ тегiнге қосады. 1219 жылдары Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы бастаған қол Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Жент, Үзкент қалаларын алады. Сонымен қатар Сырдария жағасындағы қалалар да алынады.
Сөйтiп, монғолдарға Мауараннахарға шабуыл жасауға жол ашылады, бiрақ Жошыханға өзiнiң туған жерiне және де өзiне еншiлеп берген орман халқына баруға жол жабылады. Ол ендi өзi қанға бөктiрген, шыққан тегi орналасқан қыпшақ, арғын, меркiт мекенiне қарай мәңгiлiкке бет бұрады. Жувани кезiнде Ертiстiң батысындағы Қаялық шекарасынан және Хорезмнен Саксиндар мен Булгарларға дейiнгi татарлардың ат тұяғы тиген кең аймақ Жошы ұлысына қарады деп жазған Жошының әйелi көп және 40-тан астам ұл-қыздары болған. Одан туған ұрпақтардан тараған азаматтар қазақ халқының қалыптасуына аянбай ат салысқан. Көптеген ұрпақтары қазақ халқының аңызына, мақтанышына айналды.
Жошы ханға кезiнде әкесiнiң бұйрығын орындамады, батысқа соғысқа аттанбады, жеңiлген халықтарға қайырымдылық көрсетуге әрекеттендi деген айыптар тағыпты. Соның және саясат салдарынан 1227 жылы шамамен ақпан айында астыртын жiберiлген кiсiлер арқылы қазаға ұшырады дегендi Рашид ад-Диннен алып, көптеген авторлар жазған екен. Ертедегi тарихи деректерде Жошы жоғарғы Ертiсте жерленген деп жазылса, XVI-ғасырда өмiр сүрген Хафиз бен Тыныштың айтуы бойынша Жошының жерленген жерi Орталық Қазақстан Сарысу өзенiне жақын Сарайлы Тере-кендiрлiктiң солтүстiк жағында жақын маңда екен. Сонымен Ұлытаудағы Сарысу маңында XIII-ғасырдың басында қазақтың екi қас батыры жерленген бiрiншi Бұйрық хан да екiншiсi Жошы хан. Бұлар тағдырлас адамдар. Олар туралы әлi де талай шығармалардың жазылатыны анық.
Құлан қыпшақтар мекені
Қытайдағы Юань империясы тұсындағы «Юаньши» деген жылнамада көрсетiлгендей Арал теңiзiнiң солтүстiгiндегi Құлан қыпшақтар бiрлестiгiн (Ильбары тайпасын) ұйымдастырушы Құлан деген болса, сол қыпшақтарды монғол шапқыншылығына дейiн билеп тұрған оның немересi Инасы (аты немесе қызмет дәрежесi болса керек) болатын. Инасының әкесi Сомон Құнанның баласы екенiн С.М. Ақынжановтың «Кыпчаки в истории средневекового Казахстана» деген кiтабының 226-бетiнен бiлуге болады.
Инасының билiгi кезiнде бiр күтпеген жағдай кездеседi. Бұларға монғолдардан қашқан Тогтоаның баласы Худу келiп паналайды. Шыңғысхан қыпшақтардан Худуды берудi өтiнедi. Ал қыпшақ көсемi Инасы оны монғолдарға беруден бас тартады. Осыны бiле тұра Шыңғысхан қыпшақтарға шабуыл жасай алмайды. Бұның себебi Шыңғыс хан да, Зелме де, Жұмақа да, Сүбедей де өздерiнiң шыққан тектерiн бiлетiндiктерiнде едi.
Ендiгi айтарым «Юаньши» деген жылнама қытай тiлiнде жазылғандықтан Құнан атын монғол тiлiнен өз әрiптерiмен жазғандықтан және сол әрiптердi орыс әрпiне көшiргенде Цзюнан сөзi шығады. Осыдан орыс зерттеушiлерi негiзiнен тюркологтар болғандықтан, олар көп қиналмай Цзюнан сөзiн Құнан сөзiне үйлестiрiп ала салған. Және осы Құнан сөзi көптеген әдебиеттерге тарап кеткен. Құнан сөзi осы күнгi жылқы атауларына жататынын әр оқушы айтса да түсiнер едi.
Ендi жылқы атауларының қазақша-монғолша мағынасын салыстырып көрейiк: қазақшасы – жылқы, монғолшасы – адуд, айғыр, монғолшасы – азырық, бие, монғолшасы – гүү, ат, монғолшасы – морь, құлын, монғолшасы – унага, дөнен, монғолшасы – дөру, тай, монғолшасы — дааг. Үш-төрт-бес жастағы жылқыларды монғолша соеолон және хазаалан дейдi екен, құнан сөзi монғол тiлiнде кездеспедi.
Сонымен құнан монғол тiлiнде қолданылмайтын сөз болып шықты. Қазақ тiлiндегi Құмен сөзi монғолша хулан деген сөздi бiлдiредi екен. Әрине, қытай авторлары да құлан сөзiн дұрыс жазбаған және оны орыс тiлiне баламалаған авторлары да қате жiберген. Осыдан мен құнан сөзi орнына құлан деген сөздi қолданғанды өте орынды деген тұжырымға келдiм. Себебi қыпшақ руларының iшiнде iрi Құлан тармағы бар. Сол уранхай тайпаларын сонау шығыстан Арал теңiзiне қазiргi Қызылорда маңына бастап келген Құланның өзi деп қарастыруымызға мүмкiндiк бар. Осыдан қорыта айтатыным, әу баста құлан сөзi қытайша цзюнан деп жазылған.



