Құрметті оқырмандар!
Тұрлаусыз мына тірлікте бәрі дерлік өзгерер. Өзгермесі – өткен күн ғана! Оны тарих деп қанша тәпсірлесек те, қолдан қиянат жасап, бұрмалауға ұмтылатындар бар. Бірақ, өткенді қанша өз ойыңдағыдай етіп өзгерткің келсе де, түбінде ақиқаттың ашылары анық. Осы жолда тынымсыз тер төгіп келе жатқан тарихшылар мен археологтарымыздың арқасында тарихымыздың жаңа парақтары ашылуда. Өздерін мына әлемнің билеушісіндей санайтындар көрші халықтар мен этностардың қолжазбалар мен орамхаттарын құртып, жасанды тарих жасауға құмар болып алды.
Біздің мақсатымыз – бұрын-соңды айтылмаған, зерттелмеген тарих беттеріне бүгінгі шындық биігінен қарап, әр оқырманға барынша шынайы мәлімет жеткізу. Осы себептен күні-түні ұйқы көрмей, тарихымызды түгендеп жүрген тарихшылар мен шаң басқан архивтер мен қорым-төбелерді қазып жүрген археологтарымызды белсенді журнал авторы болуға шақырамыз.
Бүгінгі күннің талабына сай, біз журналымызды жаңа деңгейге шығарып отырмыз. Тарихтың дауысы кеңірек естіліп, оқырман қауымға қолжетімді болу үшін енді «Шыңғысхан» – желілік басылым ретінде де өз жұмысын бастайды. Алайда, рух пен парасаттың иісі сіңген қағаз нұсқасы өз өмірін жалғастыра береді. Өткеннің үні мен бүгіннің тынысын жалғаған қос арна – қағаз және цифрлық басылым – енді бір мақсатқа қызмет етеді: Ұлттың рухани тамырын ояту!
Сондықтан, қадірлі оқырман, бізге қолдау көрсетіңіздер – жазылыңыздар, бөлісіңіздер, ұсыныңыздар! Сіздердің ықыластарыңыз – біздің ең үлкен демеуіміз, ал назарларыңыз – «Шыңғысхан» рухының мәңгілік жалғасы!



