Ата тарихымыз бен Ұлы бабамыз Шыңғыс қағанның алдындағы перзенттік парызымызды өтеу, барынша ұлықтау мақсатында 2011 жылы республикалық «Шыңғысхан» журналын шығардық! Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің ақ батасымен алғашқы саны да жарық көрді! Тұсаукесері Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Алматы шаһарында өтті. Еліміздің белгілі тарихшылары мен жазушылары, қоғам қайраткерлері жиылып, қуаныштарымен бөлісті. Шыңғысханның тікелей ұрпағы, көрнекті қоғам қайраткері Шота Уәлиханов: «Шыңғысхан бабамның есімімен қасиетті қазақ жерінде мынандай журналдың өмірге келуі, шын мәнінде, айтулы мәдени құбылыс. Ең алдымен осы басылымды шығарушыларға ақ батамды беремін, бастаған бедерлі істері баянды болып, бәрін де Шыңғысхан бабамыздың рухы демеп, жебеп жүрсін!» деп жүрекжарды лебізін білдірген еді.
Содан журналымыз үзбей он жыл бойына шығып тұрды. Екі мәрте «Шыңғыс қаған – Ұлы бабам!» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырдық. Түрлі ғылыми-танымдық конференциялар мен көрмелер өткіздік. Осының бәрі Шыңғысхантанудағы қоғамдық санаға үлкен серпіліс, дем берді. Тыңнан небір ғылыми еңбектер жарияланды. Әсіресе, көршілес Қытайдан оралған қандасымыз, зерттеуші, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Құрметті профессоры Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайынның журнал сандарында үнемі жарияланған Шыңғыс қағанның ғұмыр-дариясы, қайталанбас қолбасшылығына тән еңбектері оқырмандар тарапынан ерекше ыстық ілтипатпен қабылданды!
Жаһандық пандемия тұсындағы қаржылық қиындыққа байланысты басылым 2022 жылы өзінің қызметін уақытша тоқтатты. Енді, мінеки, өздеріңіз көріп отырғандай, 2023 жылдың басынан қайта жаңғырып, шыға бастады. Басылым басшылығында өзгерістер болды. Ұрпақ алмасуы – заңдылық. Журналдың ендігі иесі, әрі шығарушысы – сонау 2011 жылдан бері аталмыш басылымның ыстық-суығына төзіп, қолынан келген бар көмегін аянбай беріп келген Арман Ахмуханов. Бабасы Шыңғыс қағанның тарихын бір адамдай біледі, әрі айрықша қастер тұтады! Өзім болсам, журналдың редакция алқасының мүшесі ретінде жастарға ақылымды айтып, бұл реттегі зерттеу еңбектерімді одан әрі жалғастыра бермекпін! Он жыл бойына осы дара басылымды, редакция ұжымын қолдап келген азаматтарға, оқырмандарға айтар алғысымыз шексіз. Алла алдарыңыздан жарылқасын!
Әміре ӘРІН,
Бүкіләлемдік Шыңғысхан
академиясының академигі